15 қазанда АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өтіп жатқан волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогында Қазақстан ерлер құрамасы Франция командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін ұлттық құрама Италия, Польша және Канада құрамаларын да дәл осы 3:0 есебімен жеңген болатын.
Келесі ойындарда Қазақстан құрамасы 16 қазан күні Астана уақытымен таңғы 03:00-де АҚШ құрамасымен, ал сағат 20:00-де Тайландпен кездеседі.
Әлем кубогі 9–18 қазан аралығында өтеді. Байрақты додаға 14 ерлер және 6 әйелдер ұлттық құрама қатысуда. Бұл турнир Лос-Анджелес–2028 Паралимпиадасына жолдама беруге әсер ететін маңызды рейтингілік ұпайлар саналатын жарыстардың бірі болып табылады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы топ басында келеді. Екінші орында – Мысыр, үшінші орында – АҚШ командасы.
Айта кетсек, биыл ұлттық құрама алғаш рет Азия чемпионы атанды. Әлемдік рейтингте Қазақстан ерлер құрамасы 66 команда арасында үздік бестікке енеді.
Фото: Туризм және спорт министрлігі