VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Қырғызстанда ұйымдастырылады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, ойындардың салтанатты ашылуы 31 тамыз күні Бішкекте өтсе, жабылу рәсімі 6 қыркүйекте Ыстықкөлдің жағасында өтпек.
«Негізгі бағдарлама мен барлық спорттық жарыстар, ашылу салтанатынан бөлек, түгелдей Ыстықкөлдің әсем жағалауында өтеді. Бұл жерге шамамен 90-ға жуық мемлекеттен спортшылар мен қонақтар келуі жоспарланып отыр», – делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін ДКО хатшылығының жетекшісі Нұрсұлтан Әденов «Бірінші радио» эфирінде алдағы ойындарға дайындық барысын баяндаған болатын. Ол биылғы ұйымдастыру ерекшеліктеріне тоқталып, бағдарламадан қазақтың көкпары алынып тасталғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстан астанасында өтіп, әлемдік спорт қауымдастығының үлкен қызығушылығын тудырған еді.
Фото: baq.kz