Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты басталды
17-21 наурыз күндері Түркістанда жаңадан салынған атшабарда көкпардан әлем чемпионаты жалауын көтерді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарысқа әлемнің 9 елінен командалар қатысуда: Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары жүлде жолында бақ сынауда.
Салтанатты ашылу рәсімінде Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, жарыстың бас төрешісі Жанысбек Саев және көкпардан Кеңес Одағының 9 дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Жарыстың регламентіне сәйкес, 17-19 наурыз күндері топтық кезең ойындары өтеді. Үздік шыққан командалар 20 наурызда жартылай финалға жолдама алады, ал 21 наурыз күні шешуші ойындар ұйымдастырылып, чемпион мен жүлдегерлер анықталады.
Бұл чемпионатты Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы және Түркістан облысы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге.
Айта кетейік, соңғы көкпардан әлем чемпионаты 2017 жылы өткен болатын. Тоғыз жыл аралықтан кейін тарихи дода қайтадан Түркістан төрінде ұйымдастырылып отыр.
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған