Топурия Махачевті Ақ үйдегі UFC турниріндегі жекпе-жектен қашты деп айыптады
UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Илия Топурия әлеуметтік желідегі X парақшасында ресейлік файтер Ислам Махачевті сынға алды. Махачев 14 маусымда Ақ үйде өтетін тарихи турнирде Топурияның қарсыласы болуы тиіс еді, деп жазады malimsports.kz.
Топурияның айтуынша, ресейлік спортшы бұл жолы да жекпе-жекке шықпау үшін себеп тапқан, яғни жарақат алғанын алға тартқан. Соның нәтижесінде Топурияның қарсыласы америкалық Джастин Гэтжи болды.
«Ислам тағы да сылтау тапты. Бұл жолы- жарақат. Мен Ақ үйде өтетін турнирге қатысатынымды әрқашан білетінмін. Маған қатысатынымды айтқанда, қарсылас ретінде Исламның аты аталды, мен бір сәт те ойланбадым. Бірақ таңертең оянғанда оның жарақат алғанын білдім. Содан кейін Джастин Гэтжи пайда болды. Тағы да біреу Исламның қашқаны үшін жауап береді», - деп жазды Топурия.
Бұған дейін, 9 наурызда UFC президенті Дана Уайт UFC 326 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында Махачев пен Топурия арасындағы жекпе-жек Ақ үйде өтеді деген ақпаратты жоққа шығарған.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл ешқашан Махачев пен Топурия арасындағы жекпе-жек ретінде жоспарланбаған», - деді Уайт. Оның айтуынша, Гэтжи мен Топурия турнир картасына «ерекше жағдайларға» байланысты соңғы сәтте енгізілген.
Сонымен қатар Уайт Махачевтің расымен жарақат алғанын растады.
«Оның қолында проблема бар. Мен бұл туралы білемін. Жарақатының қаншалықты ауыр екенін және қанша уақытқа дейін жекпе-жектерге шыға алмайтынын нақты айта алмаймын, бірақ ол жарақат алған», - деді ол.
UFC 8 наурызда 14 маусым күні Ақ үйде өтетін турнирдің толық жекпе-жек тізімін жариялаған. Турнир АҚШ президенті Дональд Трамптың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылмақ.
Бұл кеште барлығы алты жекпе-жек өтеді, оның екеуі титулдық болады. Атап айтқанда, Илия Топурия - Джастин Гэтжи жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін айқасса, Сирил Ган - Алекс Перейра ауыр салмақтағы уақытша чемпиондық титулды сарапқа салады.
Илия Топурия UFC чемпионы атағын 2025 жылдың шілдесінде, Ислам Махачев босатқан жеңіл салмақтағы титулды жеңіп алу арқылы иеленген.
Фото: Ашық дереккөзден
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған