Шымкент қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды. Турнир 16 ақпанда мәресіне жетеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Додаға еліміздің 16 өңірінен 200-ден астам спортшы қатысып, ел чемпионы атағы мен жеке рекордтар үшін сынға түсіп жатыр.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, ҰОК вице-президенті әрі Ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, федерация вице-президенті және Шымкент қалалық федерациясының басшысы Мұрат Жолдықожаев, сондай-ақ ұлттық құрама мүшелері мен белгілі гимнаст Әлия Юсупова қатысты.
Іс-шара барысында жаттықтырушыларға қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің атынан спортты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар жарыстың жүлде қорын жариялады.
Чемпионат 16 ақпанға дейін жалғасады. Спортшылар жұлқа және серпе көтеру жаттығулары бойынша шеберліктерін көрсетуде. Бұл турнир – ұлттық құраманың негізгі сапына үміткерлерді анықтайтын маңызды кезеңдердің бірі.
Фото: ҰОК