Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шымкент қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына екі жүлде салды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Еркін күрес бойынша Шадияр Пернеш алтын, ал Сабыржан Рсалы қола медаль иеленді.
Бүгін Шымкент халықаралық әуежайында палуандарды қарсы алу рәсімі өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеңімпаздарды құттықтап, бұл жетістік спорт мектептері мен бапкерлердің жүйелі жұмысы мен спортшылардың табандылығының нәтижесі екенін атап өтті.
Шадияр Пернеш 65 келіде финалда ирандық қарсыласын жеңіп, алтынға қол жеткізді. Ал Сабыржан Рсалы 86 келіде қола медаль үшін грекиялық спортшымен күш сынасты. Екі палуан да №19 спорт мектебінің шәкірттері болып, қала тарихында елеулі із қалдырды.
Фото: Шымкент келбеті газеті