Бүгін XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында үстел теннисінен командалық сайыс өз мәресіне жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстанның ерлер құрамасы үздік өнер көрсетіп, қола медальға қол жеткізді. Бұл – еліміздің Сурдлимпиада тарихында үстел теннисінен алынған алғашқы командалық медаль.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде сенімді ойын үлгісін көрсетіп, алдымен Колумбияны – 3:0, одан кейін Польша құрамасын – 3:1 есебімен айқын жеңді. Ширек финалда Үндістан командасын 3:0 нәтижесімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Алайда шешуші кезеңде мықты Қытай командасынан 0:3 есебімен жеңіліп, финалға өте алмады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Сурдлимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша алтын медаль Қытай командасына, күміс Тайбэй құрамасына бұйырды. Қазақстан сапында Қанат Конкубаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төлебаев және Бүркітбай Абылай өнер көрсетті.
Айта кетейік, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының жалпы қоржынында қазір 25 медаль бар. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола жүлде. Байрақты дода 15-26 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық ойын.
Осы жолғы Сурдлимпиадаға 81 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплина бойынша жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан атынан 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы сынға түсуде.
Фото: Сурдлимпиада комитеті