457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

Биылғы додада еліміз тарихта алғаш рет рекордтық құраммен — 79 спортшымен сынға түседі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиадалық комитеті 2025 жылғы 15–26 қараша аралығында Жапония астанасы Токио қаласында өтетін XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама команда құрамын бекітті, деп хабарлайды malimsports.kz.

Биылғы додада еліміз тарихта алғаш рет рекордтық құраммен — 79 спортшымен сынға түседі. Олар жеңіл атлетика, жүзу, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, таеквондо, бадминтон және үстел теннисі секілді сегіз спорт түрінде бақ сынамақ.

Құраманың сапында 19 жеңіл атлет, 8 жүзуші, 6 грек-рим және 6 еркін күрес шебері бар. Сонымен қатар, Қазақстан дзюдо бойынша ең мықты командалардың бірін жасақтады — 16 спортшы татами төрінде ел намысын қорғайды. Токиодағы ойындарға таеквондодан 10 спортшы, бадминтоннан 6 спортшы және үстел теннисінен 8 спортшы қатысады. Олар ел қоржынына жүлде салар сенімді үміткерлер қатарында.

Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің президенті Серік Сәпиев команданың әлеуетіне сенім білдірді: «Қазақстан құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада жүлде үшін таласуға толық мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда біздің спортшылардың еншісінде 8 алтын, 8 күміс және 26 қола сурдлимпиадалық медаль бар. Сурдлимпиадаға қатысу — спортшыларымыз үшін тек өздерін таныту мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге еліміздегі инклюзивті спортты дамытуға қосқан зор үлесі», — деді ол.

Сурдлимпиадалық қозғалыс Қазақстанда жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Ұлттық құраманың әлемдік деңгейдегі ірі додаға қатысуы — ел спортының ірі жетістігі ғана емес, сондай-ақ ашық әрі тең қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Токиодағы ойындар біздің спортшылар үшін жаңа белес болып, рухтың қуатын, бірлікті және қазақстандық мінезді тағы бір мәрте әлемге паш етпек.

Фото: Туризм және спорт министрлігі