Қазақстандық спорттық құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов Сеулде (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, 1/8 финалға жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы бұл жетістікті «жылдамдық» бағдарламасында тіркеді. ҚР ҰОК хабарлауынша, ол іріктеу кезеңін 15-орынмен аяқтап, үздік 16 спортшы қатарына енді.
Ал қалған қазақстандықтардың нәтижелері мынадай: Ришат Хайбуллин – 23-орын, Бекнұр Алтынбеков – 26-орын, Жандос Қалибай – 30-орын, Дамир Тоқтаров – 50-орын.
Әлем чемпионатының жүлделері 25 қыркүйекте сарапқа салынады.
Айта кетейік, Әмір Маймұратов жуырда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық аясында Халықаралық Олимпиада комитетінің жекелей стипендиясына ие болған спортшылар тізіміне енген еді.
Фото: ҰОК