Серік Сәпиевке қатысты қызметтік тексеру нәтижесі белгілі болды
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға байланысты жүргізілген қызметтік тексеру аяқталды.
Тексеру нәтижесінде басқарма басшысының мемлекеттік қызметшілерге қойылатын Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны анықталды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексеріс қорытындысында Серік Сәпиевтің мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бергені көрсетілген. Ресми мәліметке сәйкес, ол қоғамдық ортада өзін мемлекеттік қызметкерге лайықсыз ұстаған, ұжымдағы қалыпты жұмыс атмосферасын сақтауға ықпал етпеген және орынбасарына қатысты әдепке сай емес мінез-құлық танытқан.
«Ол азаматтардың көз алдында өзі қызмет атқаратын мемлекеттік органның абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берген, ұжымда іскерлік әрі ізгі қарым-қатынастарды қалыптастыру мен нығайтуға ықпал етпеген, сондай-ақ әріптесіне қатысты этикаға жат мінез-құлық танытқан», – делінген ресми хабарламада.
Қызметтік тексеру барысында Серік Сәпиевтің Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 6-бабының 5) тармақшасын және 8-бабының 1) және 7) тармақшаларын бұзғаны анықталған. Атап айтқанда, бұл баптар мемлекеттік қызметшінің қоғамдық орындарда өзін ұстай білуі, мемлекеттік органның беделін сақтау және әріптестерімен сындарлы әрі кәсіби қарым-қатынас орнату талаптарын қамтиды.
Еске сала кетейік, өткен аптада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы мен оның орынбасары арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан болатын. Бұған дейін Серік Сәпиев өңірде белгілі бір ықпалды тұлғалар тарапынан қысым көріп отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, облыстағы спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялау әрекеттері жасалып, бұл іске оның орынбасары да араласқан.
Аталған оқиға 23 қаңтар күні болған. Серік Сәпиев – Олимпиада чемпионы, ал Дәурен Есімханов самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері.
Фото: ашық дереккөз
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған