20-30 қаңтар аралығында Түркістан қаласында 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының шахмат чемпионаты өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл – ұлттық құраманы жасақтайтын негізгі іріктеу турнирі. Чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылғы халықаралық жарыстарға қатысатын ел құрамасы анықталады.
Жарыс Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Олимпиадалық резервті даярлау орталығында өтеді. Қатысушылар классика, рапид және блиц бойынша U6-дан U18-ге дейінгі жеті жас санатында бақ сынайды. Турнир әр дисциплинада швейцар жүйесімен 9 турдан тұрады.
Айта кетейік, 2025 жыл қазақстандық шахмат үшін тарихи болды. Елдің балалар-жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында жалпы медальдық есепте бірінші орын алып, 122 медаль жеңіп алды. Сол үздік шахматшылардың басым бөлігі Түркістандағы чемпионатта өнер көрсетеді.
Фото: СДД