Сауд Арабиясы лигасы Роналдуға жауап берді
Сауд Арабиясының Pro-лигасы Криштиану Роналдудың лига мен өзінің «Ан-Наср» клубының трансферлік саясатына қатысты айтқан сынына ресми түрде жауап қатты. Лиганың мәлімдемесін The Guardian басылымы жариялады, деп жазады malimsports.kz.
Бұған дейін журналист Фабрицио Романо «Ан-Наср» капитаны Криштиану Роналдудың 6 ақпанда Сауд Арабиясы лигасында өтетін «Аль-Иттихадқа» қарсы матчқа қатыспайтынын хабарлаған еді. Ал 2 ақпанда A Bola басылымы Роналдудың Сауд Арабиясының Суверенді қоры (PIF) клубты басқару және құрамды күшейту тәсіліне көңілі толмайтынын жазды.
41 жастағы португалиялық шабуылшы қысқы трансферлік кезеңде айтарлықтай күшейтулердің болмауына наразы. Бұл жағдай «Ан-Насрдың» басты қарсыласы саналатын, сондай-ақ PIF бақылауындағы «Аль-Хиляль» клубының Карим Бенземаны жалға алып, оны бірден құрамға қосуымен де байланысты. Бензема дебюттік ойынында хет-трик жасап, көзге түсті.
Лига өз мәлімдемесінде клубтардың тәуелсіз екенін және барлығына ортақ ережелер қолданылатынын атап өтті.
«Әрбір клуб бірдей ережелер аясында дербес жұмыс істейді. Құрамды жасақтау, шығындар мен стратегияға қатысты шешімдер қаржылық шектеулер шеңберінде сол клубтардың өз құзыретінде. Қандай маңызды тұлға болса да, бірде-бір адам өз клубынан тыс шешім қабылдай алмайды», – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, лига Роналдудың «Ан-Насрдың» дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
The Guardian жазуынша, трансферлерге арналған қаржы клубтарға тікелей PIF арқылы емес, ойыншыларды тартуға арналған орталықтандырылған қор арқылы бөлінеді. Бұл қор қаражатты клубтың көлемі мен мүмкіндіктеріне қарай үлестіреді. «Ан-Наср» жазда Жоау Феликс пен Кингсли Команды сатып алып, Роналдумен келісімшартты 2027 жылға дейін ұзартқандықтан, қысқы трансферлерге айтарлықтай ресурс қалмаған. Ал «Аль-Хиляльдің» Бенземаны алуына жеке инвестор қаржы бөлген.
Даулы жағдайға қарамастан, «Ан-Наср» Роналдудың 41 жасқа толуына орай құттықтау жариялап, оны «аңыз» деп атап, көшбасшылығы команданы алға жетелейтінін мәлімдеді.
Фото: Getty Images
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған