Қазақстандық танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова елордалық «Астана» клубынан кетті. Бұл туралы «Инсайды волейбол KZ» Telegram-арнасы хабарлады.
Әлеуметтік желілерде бір миллионнан астам оқырманы бар 29 жастағы спортшы 2025 жылдың қыркүйегінде «Астана» клубымен келісімшартқа қол қойғанын жариялаған еді. Алайда ол биылғы маусымда бұл ұжым сапында өнер көрсетпейтін болды.
«Қазақстандағы ең танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова биылғы маусымда “Астана” сапында алаңға шықпайды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, спортшы клубпен келісімшартын үзген», – делінген хабарламада.
Алтынбекова «Астана» құрамына Индонезияның Yogya Falcons клубынан ауысып келген болатын. Айта кетейік, биылғы маусымда «Астана» командасы 18 матч өткізсе де, бірде-бір жеңіске жетпей, ел чемпионатының турнирлік кестесінде соңғы орында тұр.
Сәбина Алтынбекова бұған дейін Жапонияның «GSS Sunbeams», сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің «Al-Wasl» клубтарында ойнаған. «Al-Wasl» сапында ол Араб лигасының чемпионы атанды.
Сонымен қатар волейболшы 17 жасынан бастап Қазақстанның түрлі жас санатындағы ұлттық құрамаларына шақырылып келеді. Ал 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында көзге түсіп, турнирдің ең сұлу спортшысы атанған еді.
Қазіргі уақытта Алтынбекованың алдағы мансабын қай клубта жалғастыратыны әзірге белгісіз.