Қытайда өтетін әлем чемпионатында қазақстандық таеквондошылар бақ сынайды
24–30 қазан аралығында Қытайдың Уси қаласында таеквондодан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл додада 179 елден және бейтарап спортшылар мен босқындар командасын қоса алғанда, 991 спортшы жиналады. Осы көрсеткіш бойынша биылғы біріншілік тарихтағы ең ауқымды чемпионат болмақ.
Қытайда әлем чемпионаты екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2007 жылы Бейжіңде өткен еді. Қазір Уси қаласы беделді Grand Slam Champions сериясы арқылы таеквондоның халықаралық орталығына айналған.
Жарысқа қатысушылар 16 салмақ дәрежесінде (ерлер – 8, әйелдер – 8) сынға түседі. Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысады. Ерлер арасында Самирхон Абабакиров (63 кг) пен Батырхан Төлеуғали (80 кг) ұлттық құраманың көшбасшысы саналады. Самирхон биылғы Универсиадада жеңімпаз атанып, әлемдік рейтингте алдыңғы орында тұр.
Әйелдер арасында Мария Севостьянова, Нодира Ахмедова және Азиза Қаражанова жүлдеге үміткерлер қатарында. Соңғы рет Қазақстан құрамасы 2019 жылы әлем чемпионатында Қайрат Сарымсақовтың қола жүлдесімен көзге түскен болатын.
Биылғы додада бес Олимпиада чемпионы мен ондаған әлем жүлдегері қатысады. Олардың қатарында Мохамед Халил Жендуби (Тунис), Симеоне Алессио, Мехран Бархордари (Иран), Нафия Куш және Мерве Динчел (Түркия) секілді мықтылар бар.
Бұл чемпионат – қазақстандық таеквондошылар үшін алты жылдық үзілістен кейін қайтадан әлемдік жеңіс тұғырына көтерілуге үлкен мүмкіндік.
Фото: ҰОК баспасөз қызметі
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған