Қуат Хамитов UFC аңызымен жекпе-жек өткізуге ұсыныс жасады
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов бұрынғы UFC уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен еркін күрес ережесі бойынша белдесу өткізуді ұсынды, деп хабарлайды malimsports.kz Offside.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы бұл ұсынысын Instagram парақшасында жариялап, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлевті, сондай-ақ Real American Freestyle (RAF) лигасы мен Izzy Style Wrestling ұйымының аккаунттарын белгілеген.
«Менің ойымша, бұл жекпе-жек үлкен қызығушылық тудырып, Мәскеуде өтетін алдағы турнирге қосымша интрига сыйлайды. Осыны ұйымдастырайық», – деп жазды Қуат Хамитов.
Айта кетейік, Real American Freestyle (RAF) турнирі 2026 жылдың 5 қыркүйегінде Мәскеу қаласында өтеді.
Хамитов пен Фергюсонның RAF-тағы алғашқы кездесулері
Қуат Хамитов пен Тони Фергюсон жаңа күрес лигасы Real American Freestyle аясында өнер көрсетіп үлгерді.
Тони Фергюсон RAF 10 турнирінде америкалық Сент-Луис қаласында алғаш рет күресіп, UFC-дің жеңіл салмақтағы үздік спортшыларының бірі Арман Царукяннан 0:10 есебімен жеңілді. Кездесу қарсыласының техникалық басымдығына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Ал Қуат Хамитов RAF 11 турнирінде Тбилиси қаласында дебют жасады. Оның қарсыласы да Арман Царукян болды. Бұл кездесуде Царукян 11:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Тони Фергюсон 2011-2025 жылдар аралығында UFC ұйымында өнер көрсетіп, промоушен тарихындағы ең танымал жеңіл салмақтағы спортшылардың бірі саналады.
Америкалық файтер UFC-дің жеңіл салмақтағы уақытша чемпионы атанып, The Ultimate Fighter реалити-шоуының 13-маусымында жеңімпаз болған.
ММА мансабында Фергюсон 26 жеңіс пен 11 жеңіліске қол жеткізген. 2025 жылы ол боксқа ауысып, Misfits Boxing ұйымының орта салмақтағы уақытша чемпионы атанды.
Қуат Хамитов кәсіби ММА-да 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Қазақстандық спортшы мансабында Alash Pride чемпионы атанып, екі салмақ дәрежесінде WBK белбеулерін иеленді. Сондай-ақ Fight Nights Global ұйымында чемпиондық атаққа таласқан.
2023 жылы Хамитов Hardcore FC лигасының поп-ММА бағыты бойынша дебют жасады.
Спорттық мансабынан бөлек, Қуат Хамитов актерлік бағытта да танымал. Ол «Портье: Мальчик на побегушках» және «Миссия выполнима» фильмдеріне түскен.
Фото: Offside.kz
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған