Қазақтың мерген қыздары стенд атудан тарихи алтын медаль жеңіп алды
Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан стенд атудан жасөспірімдер арасындағы ISSF әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ел мергендері қыздар арасындағы «Трап» жаттығуында командалық есепте алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшылар 337 дәл соққы көрсетіп, барлық қарсыластарынан озық шықты. Әлем чемпиондары атанған құраманың сапында Элеонора Ибрагимова, Мария Горун және Милана Папчихина өнер көрсетті.
Бұл жеңіс Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Өйткені еліміздің стенд атудан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионаттары тарихында алғаш рет алтын медаль жеңіп отыр.
Биылғы әлем біріншілігіне 63 мемлекеттен 778 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын 13 мерген қорғап жатыр. Олар жекелей және командалық жарыстарда бақ сынауда.
Зульдегі тарихи жеңіс қазақстандық стенд ату мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын және жас спортшылардың әлемдік деңгейде жоғары нәтижелер көрсетуге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған