Қазақстанның әйелдер су добынан ұлттық құрамасы Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойынын өткізді.
Бұл жолы отандастарымыз Қытай құрамасымен кездесіп, 6:23 есебімен жеңіліп қалды. Осы нәтижемен біздің команда үш ұпай жинады.
B тобында қазақстандықтар алғашқы кездесуде Таиландқа 12:14 есебімен жол берсе, келесі ойында Гонконг құрамасын 21:10 есебімен ұтқан болатын. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы топтық кезеңді үшінші орынмен аяқтап, 1/4 финалға жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшылар көркем жүзуден Азия чемпионатында жүлдегер атанған еді.
Сонымен қатар, ерлер құрамасы да жарыста сәтті өнер көрсетіп келеді. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңнің үшінші матчында Сингапур құрамасын 11:7 есебімен жеңіп, турнирдегі үшінші жеңісіне қол жеткізді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің мәліметінше, біздің команда барлық кездесулерде жоғары деңгейдегі ойын көрсетуде. Бұған дейін қазақстандықтар турнирдің басты фавориттерінің бірі – Жапонияны 14:12 есебімен тізе бүктіріп, екінші матчта Үндістан құрамасын 20:6 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Осылайша, Қазақстанның ватерпол құрамалары Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп, құрлықтың мықты командалары қатарынан табылып отыр.
Фото: ҰОК