Қазақстандық жас шахматшылар әлем чемпионатында көш бастады

Қазақстан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастады, деп хабарлайды malimsports.kz.
19-30 қыркүйек аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде кадеттер (U8-U12) арасындағы шахматтан әлем чемпионаты өткен болатын. Жарысқа 88 елден 842 жас шахматшы қатысты. Қазақстан құрамасы барлық 20 өңірден 229 спортшымен қатысып, рекорд орнатты.
Турнир 11 турдан тұрды және швейцариялық жүйе бойынша классикалық уақыт бақылауымен жалғасты. Бұл – шахмат тарихындағы ең ірі жасөспірімдер чемпионаттарының бірі саналып отыр.
Қазақстандық шахматшылар үш алтын медаль жеңіп алып, екінші жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Чемпион атанғандар қатарында Алиша Бисалиева (G8), Әдинұр Әділбек (O8) және Данис Қуандықұлы (O12) сынды шеберлер бар. Әсіресе Данис Қуандықұлы өзінің екінші әлем чемпиондығын жеңіп алып, жаңа буынның символына айналды.
Жарыс аясында АҚШ пен Қытай бір-бір алтын иеленіп, сәйкесінше екінші және үшінші орындарға жайғасты. Қазақстан шахмат мектебі тағы да өзінің жүйелілігі мен әлеуетін дәлелдеді.
Қазақстан шахмат федерациясы мен ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс тек спорттық дода ғана емес, сондай-ақ елдегі шахматты дамытудағы маңызды белеске айналды. Алматы әлемдік шахмат картасындағы басты орталықтардың бірі ретінде айқындалды.
Фото: ҚР шахмат федерациясы


Ең көп оқылған
