Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қыздар арасында биіктікке секіру сайысы аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, отандық жеңіл атлеттер Ольга Изюмникова мен Милена Мерц үздіктер қатарынан көрініп, екеуі де қола медаль жеңіп алды. Спортшылар өздерінің ең үздік секіруінде 1.65 метр нәтижеге қол жеткізді.
Жарыстың чемпионы атанған Ясмин Рой (Кувейт) 1.73 метр көрсеткішпен алтын медаль иеленсе, күміс жүлде Тайбэй өкілі Чао-Тин Ченге бұйырды (1.69 метр).
Айта кетейік, бұған дейін Бахрейндегі жасөспірімдер Азиадасында таеквондо спорты бойынша да Қазақстан құрамасы екі жүлде еншілеген болатын.
Фото: ҰОК