Бахрейннің Манама қаласында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Осы додада Қазақстан құрамасының өкілі, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының қатысушысы Наталья Гончарова әйелдер шпагасынан 50+ санатында күміс медальға қол жеткізді.
Іріктеу кезеңінде Гончарова бес кездесуінің бәрінде жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне сенімді өтті. Сондай-ақ плей-оффта да қатарынан бес қарсыласын артта қалдырды. Қазақстандық спортшы АҚШ, Германия, Канада, Гонконг және Ұлыбританияның тәжірибелі семсерлесушілерімен кездесіп, олардың екеуінде минималды басымдықпен жеңіске жетті.
Әйелдер шпагасы бойынша ұлттық құраманың жаттықтырушысы Наталья Гончарова Қазақстанда семсерлесу спорты қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық федерацияның бастамаларының арқасында елге халықаралық санаттағы жаттықтырушылар шақырылып, спортшылар сапалы жабдықпен қамтылып, халықаралық аренадғы нәтижелер жылдан-жылға жақсарып келеді.
Фото: Семсерлесу федерациясы