457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстандық мергендер стенд атудан Әлем кубогы кезеңінде өнер көрсетеді

Әлем кубогының кезеңі 25 наурыз бен 3 сәуір аралығында өтеді.

25 наурызда Марокконың Танжер қаласында стенд атудан Әлем кубогының кезеңі басталады. Дүбірлі додаға әлемнің әр түкпірінен таңдаулы мергендер жиналмақ. Бұл жарыстан Қазақстан құрамасы да шет қалмайды, деп жазады malimsports.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Отандастарымыз тағы бір мәрте халықаралық аренада бақ сынап, ел қоржынына медаль салуды мақсат етеді. 

Мароккода өтетін турнирге көптеген елдің мықты спортшылары қатысады. Нақтырақ айтқанда, 43 елден 281 мерген жүлде үшін таласқа түседі. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлері бар. Бұл өз кезеңінде бәсекенің деңгейін едәуір арттырады. 

Ал Қазақстан атынан бұл турнирге 13 мерген қатысады. Төменде Мароккодағы Әлем кубогының кезеңінде ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың тізімі көрсетілген.

- Әлішер Айсалбаев

- Максим Бедарев

- Элеонора Ибрагимова

- Ольга Хайлова

- Александр Мухамедиев 

- Әсем Орынбай

- Илья Пеньков

- Зоя Кравченко

- Марк Почивалов

- Анастасия Прилепина

- Әдел Садақбаева

- Наргиза Сарманова

- Артем Седельников

Жалпы, ұлттық құрама стенд атудан маусымды сәтті бастады деуге болады. Отандастарымыз 2026 жылды Азия чемпионатынан бастады. Құрлық біріншілігі Қатардың Доха қаласында өтіп, онда қазақстандық мергендер жоғары нәтиже көрсетті.

Әйелдер арасында өткен "скит" сайысында Әдел Садақбаева үздік атанды. Сонымен қатар дәл осы сайыс түрінен Ольга Хайлова үшінші орын алған еді. Бұдан бөлек, "скит" дисциплинасында әйелдер құрамасы командалық сайыста алтыннан алқа тақты. Құрама сапында Әдел Садақбаева, Ольга Хайлова, Әсем Орынбай ел намысын қорғады.

Ерлер арасында өткен бәсекеде Эдуард Ещенко күміс медальға қол жеткізген еді. Ол "скит" сайысында жүлдеге ілікті. Сонымен қатар дәл осы сайыс түрінен ерлер құрамасы командалық бәсекеде қола жүлдегер атанды. Құрама сапында Ратмир Еникеев, Эдуард Ещенко, Илья Пеньков бақ сынады.

Сонымен қатар әйелдер құрамасы "трап" бағдарламасында да жүлдесіз қалған жоқ. Элеонора Ибрагимова, Анастасия Прилепина және Наргиза Сарманова ел қоржынына алтын медальді салды. Қазақстандық мергендер жекелей сында да табысты өнер көрсетті. Максим Бедарев пен Элеонора Ибрагимова күміс жүлде иеленді. Осылайша отандастарымыз жалпы командалық есепте топ жарды. 

Ендігі назар Мароккода өтетін кезекті сынға ауып отыр. Бұл додаға қатысушылардың деңгейін ескерсек, жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілу қиын болмақ. Себебі аталған турнирде Париж-2024 Олимпиадасының бірнеше жүлдегерлері бар. Атап айтқанда Адриана Руано Олива (Гватемала), Франсиска Кроветто (Чили), Натан Хейлс (Ұлыбритания), Жан-Пьер Броль (Гватемала), Уолтон Эллер (АҚШ) Танжерде жүлдеге таласады. 

Сонымен қатар Эммануэла Кацураки (Грекия), Алессандра Перилли (Сан-Марино), Арина Кузнецова (Ресей), Саманта Симонтон (АҚШ), Кристиан Эллиотт (АҚШ), Дастан Тэйлор (АҚШ), Уильям Хинтон (АҚШ) жоғары нәтиже көрсетуге қабілетті. Бұдан бөлек, аралас командалық сайыста Италия құрамасы басты фавориттердің бірі. 2024 жылғы Олимпиадада Диана Бакози және Габриэле Россетти алтыннан алқа таққан.

Дегенмен Қазақстан құрамасының да жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Бұған спортшылардың әрбір жарыста көрсеткен көрсеткіштері дәлел. Жас мергендер де, тәжірибелі спортшылар да өз шеберлігін қайта дәлелдеуге тырысады. Сонымен қатар ұлттық құрама командалық жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетуі ықтимал.

Айта кетейік, Әлем кубогының кезеңі 25 наурыз бен 3 сәуір аралығында өтеді.