457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстандық гимнастар алғашқы Олимпиада жолдамалары үшін бақ сынайды

12-16 тамыз аралығында Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында көркем гимнастикадан 42-ші әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Маусымдағы ең маңызды жарыстардың бірі саналатын бұл додада 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының алғашқы жолдамалары сарапқа салынады.

Әлем чемпионатында жекелей көпсайыста үздік үш гимнаст, ал топтық жаттығуларда алғашқы үш құрама Олимпиада жолдамасына ие болады. Айта кетейік, лицензиялар спортшыларға емес, мемлекеттерге беріледі.

Қазақстан құрамасы жарысқа барлық көшбасшыларын апарады. Жекелей бағдарламада ел намысын Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева қорғайды.

Ақмарал Ерекешева үшін биылғы маусым табысты өтіп жатыр. Ересектер арасындағы жарыстардағы алғашқы маусымында ол Бакуде өткен әлем кубогы кезеңінде таспамен жаттығуда қола жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ Бішкекте өткен Азия чемпионатында күміс және екі қола медаль еншіледі. Жуырда Миландағы әлем кубогында ұршықтармен жаттығуда тоғызыншы орынға ие болды.

Қазақстан құрамасының тәжірибелі спортшысы Айбота Ертайқызы биыл Азия чемпионатында көпсайыстан күміс, ал таспамен жаттығуда қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Софиядағы әлем кубогы кезеңінде көпсайыс қорытындысы бойынша 14-орыннан көрінді.

Қазақстанның топтық жаттығулар құрамасы да маусым барысында жоғары нәтиже көрсетті. Ташкенттегі әлем кубогында көпсайыстан күміс медаль жеңіп алса, Бішкекте өткен Азия чемпионатында бір қола және екі күміс жүлдеге қол жеткізді. Әлем чемпионатында ел намысын Айзере Кеңес, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Аида Хәкімжанова қорғайды.

Франкфурттағы әлем біріншілігіне көркем гимнастиканың жетекші жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы әрі соңғы екі әлем чемпионатының жеңімпазы Дарья Варфоломеев (Германия), италиялық София Раффаэли, болгариялық Стилиана Николова, украиналық Таисия Онофрийчук және Азия чемпионы Тахмина Икромова (Өзбекстан) бар.

Сонымен қатар Ресей мен Беларусь спортшылары да әлем чемпионатына қайта оралады. Ресей құрамасы сапында София Ильтерякова, Мария Борисова және Анна Ковшова өнер көрсетсе, Беларусь құрамасын Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Алина Горносько бастап келеді.

Топтық жаттығуларда Қытай, Ресей, Бразилия, Жапония, Испания, Украина, Израиль және Болгария құрамалары басты фавориттердің қатарында саналады.

Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 12-13 тамызда өтеді. Ал шешуші медальдар үшін талас 14-16 тамыз аралығында жалғасады.

 

Фото: ҰОК