Қазақстандық джиу-джитсушылар әлем чемпионатын 21 медальмен аяқтады
Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бір аптаға созылған әлем біріншілігіне Fighting, Duo, Show және Jiu-Jitsu No-Gi дисциплиналары бойынша 37 мемлекеттен 1200-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 194 спортшымен аттанды.
Чемпионат қорытындысында Қазақстанның ересектер құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 15 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды.
Әлем чемпионы атанған қазақстандықтар – неваза бағдарламасында 77 келіге дейінгі салмақта Болатбек Сейілхан, 85 келіге дейінгі салмақта Мерей Қабдуллаев және файтинг бағдарламасында 69 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әбу-Бәкір.
Күміс медальдарды Ажар Салықова (неваза, 70 келіге дейін), Данагүл Талғатқызы (неваза, +70 келі) және Айгерім Төреғожина (файтинг, 48 келі) жеңіп алды.
Қазақстан қоржынына қола жүлделерді Жібек Құлымбетова, Мариан Журавлёва, Абдулла Батырбек, Адлан Мадаев, Анна Стрельцова, Бекзат Қазтаев, Әли Батырбек, Мақсат Төленді, Ыдырыс Алиев, Жұлдыз Бауыржанқызы, Самат Сарсенұлы, Асылан Қанатбек, Бекзат Баймұратов, Шерхан Жақсылық және Қуандық Есенеев салды.
Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы бірінші орынға ие болса, екінші орынға Біріккен Араб Әмірліктері, үшінші орынға Италия құрамасы тұрақтады. Қазақстан төртінші сатыдан көрінді.
Фото: Арлан Олжабай / ҰОК
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған