Қазақстандық биатлоншылар Қысқы Олимпиадаға дайындалып жатыр
Қазақстан құрамасы биатлоннан 2026 жылғы қысқы Олимпиадарына іріктеу аясында маңызды халықаралық жарыстарды өткізді. Ұлттық құраманың бас бапкері Манас Үсенов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында олимпиадалық квоталардың жағдайына тоқталып, құраманың қалай жасақталатынын айтып берді, деп жазады malimsports.kz.
Ұлттық құрама биатлоннан бірнеше Әлем кубогы кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Солардың ішінен Австриядағы Әлем кубогы кезеңін атап өткен жөн. Сол бәсекеде Владислав Киреев із кесу жарысында бірде-бір рет мүлт кетпей, 20-орында мәреге жетті. Айта кетерлігі, дәл осы сайыс түрінен бұндай көрсеткішке Қазақстан тарихында ешкім жетпеген.
"Киреев осы маусымда ұлттық құраманың нағыз көшбасшысы атанды. Қазірдің өзінде Әлем кубогында із кесу сайысында тарихи жетістікке қол жеткізіп, үздік жиырмалыққа енді. Қазір ол өзінің спорттық мансабындағы үздік бабына енуде. Одан бөлек, ол жасөспірімдер арасында да болашағынан үміт күттірер спортшылардың бірі еді. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі мәрте үздік төрттікке де енген. Әсіресе дәл осы олимпиадалық маусымда мұндай жоғары нәтиже көрсетіп жатқаны қуантады. Сондықтан алдағы Әлем кубогы кезеңдерінде де, Олимпиада ойындарында да дәл осы спортшыдан жоғары нәтиже күтеміз", - деп баға берді Манас Үсенов.
Сондай-ақ ұлттық құрама бас бапкерінің айтуынша, қазіргі таңда үш олимпиадалық квота бар. Одан бөлек, тағы бір квотаның тағдыры жайлы айтты.
"Қазіргі уақытта Германияда Әлем кубогының төртінші кезеңі аяқталды. Бүгінде ұлттық құраманың еншісінде ерлер арасында екі квота, ал әйелдер арасында бір квота бар. Бапкерлер штабы, қызметкерлер және медицина мамандары бірлесе отырып, өз орнымызды нығайту бағытында қарқынды жұмыс атқарып жатыр. 19 қаңтарға дейін өтетін Әлем кубогының бесінші кезеңінен кейін квота саны төртеу болады деп сенеміз", - деді бас бапкер.
Одан бөлек, Манас Үсенов олимпиадалық квоталардың қалай бөлінетінін және 2026 жылғы Олимпиадаға ұлттық құраманы қандай жүйемен жасақтайтыны жайлы айтып берді.
"Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) өздерінің қорытынды тізімін жариялағаннан кейін, бапкерлер штабымен бірлесіп Олимпиада ойындарына баратын спортшылардың нақты тізімін анықтаймыз. Бұл шешімді ең алдымен бас бапкер мен ерлер және әйелдер құрамасының аға бапкерлері қабылдайды. Іріктеу жүйесіне келер болсақ, қазіргі сәтте кімнің дайындығы жоғары, Әлем кубогы мен IBU кубогы кезеңдерінде тұрақты әрі нәтижелі өнер көрсетіп жүрген спортшылар басты назарда болады. Физикалық жағдайы жақсы, оңтайлы әрі жарысқа толық дайын, яғни жауынгерлік бабында жүрген спортшылар бапкерлер штабының түпкілікті шешімімен Олимпиада ойындарына жолдама алады", - деді маман.
Ұлттық құрама қазіргі таңда Рупольдинг (Германия) қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде өнер көретуде. Бас бапкердің сөзінше, құрама алтыншы Әлем кубогының кезеңінен кейін Италияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады.
"Рупольдинг кезеңінен кейін құрама тізімі белгілі болған соң, көшбасшы спортшылар Әлем кубогының келесі кезеңі өтетін Нове-Место қаласында міндетті түрде жарысқа қатысады. Бұл - Олимпиада алдындағы сынақ жарысы іспеттес болады. Яғни спортшылардың қазіргі бабын бағалап, кеткен қателіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Ал қорытынды оқу-жаттығу жиыны Әлем кубогының алтыншы кезеңінен кейін Италияда өтеді. Бұл биатлоншылар үшін Олимпиада ойындары ұйымдастырылатын Антхольц аймағына өте жақын орналасқан. Сондықтан осы оқу-жаттығу жиыны барысында Олимпиада ойындарына барынша сапалы дайындық жүргізіледі", - деп түйіндеді бас бапкер.
Фото: ҰОК
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған