Қазақстанда 2027 жылы киберспорттан әлем чемпионаты өтеді
Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі аясында 2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Салтанатты рәсім барысында Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) және Қазақстан киберспорт федерациясы арасында үшжақты меморандум жасалды. Құжат халықаралық киберспортты дамытуға және әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуге бағытталған стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Сонымен қатар Қазақ ұлттық спорт университеті мен Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми зерттеулер жүргізу және киберспорт саласындағы халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстандағы цифрлық спорт тарихындағы ең ауқымды халықаралық жарыстардың біріне айналмақ. Дүбірлі додаға әлемнің ондаған елінен ұлттық құрамалар, халықаралық федерациялар өкілдері, киберспорт индустриясының көшбасшылары, ғалымдар мен технологиялық компаниялар қатысады деп жоспарланып отыр.
Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску бұл келісімнің маңызын ерекше атап өтті.
2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионатын Астанада өткізу туралы келісімге қол қойылуы – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік киберспорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға. Біз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға, инновацияларды қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымын жоғары бағалаймыз. Қазақстан бұл әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп, болашақ спортшылар мен сала мамандары үшін құнды мұра қалдырады деп сенемін, – деді ол.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу Халықаралық киберспорт федерациясында департамент директоры қызметін атқарады. Бұл университет пен әлемдік киберспорт ұйымы арасындағы байланысты нығайтып, академиялық алмасу, ғылыми зерттеулер және бірлескен халықаралық жобаларды дамытуға жол ашады.
Қол қойылған келісімдер Қазақстанның спорт, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп, елдің жаһандық киберспорт кеңістігіндегі позициясын күшейтуге бағытталған. Ал 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыратын маңызды оқиғалардың бірі болмақ.
Фото: Киберспорт федерациясы
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған