Мәзір
Жаңалықтар

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында 68 медаль жеңіп алды

Сабина Асқарқызы 77 қаралым
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында 68 медаль жеңіп алды

Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 68 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 45 елдің ішінде 5-орынға тұрақтады.

Ұлттық құраманың еншісінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар.

Аталған додада Қазақстан атынан 60 спортшы қатысып, 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Жарыс барысында қазақстандық жасөспірімдер мынадай нәтижелерге қол жеткізді:

Пара жүзу – 34 медаль;

Пара қол күресі – 11 медаль;

Пара үстел теннисі – 7 медаль;

Пара жеңіл атлетика – 6 медаль;

Пара пауэрлифтинг – 6 медаль.

Сонымен қатар голболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алтын медаль иеленсе, боччадан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал пара таеквондодан қазақстандық спортшылар бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Пара садақ атудан Қазақстан атынан бір спортшы қатысқанымен, бұл спорт түрінен жүлде бұйырмады.

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы спорт басқармасының басшысы Қайрат Сейтбеков жас спортшылардың жетістігін жоғары бағалады:

«Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында еліміздің спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жетістік – мемлекеттік қолдаудың, бапкерлер мен медициналық персоналдың, сондай-ақ ата-аналардың бірлескен еңбегінің жемісі. Сонымен қатар бұл ойындар жас спортшылар үшін халықаралық аренада тәжірибе жинауға, халықаралық классификациядан өтуге және өз нәтижелерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды жарыс болды», – деді Қайрат Сейтбеков.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар