Қазақстан ҰОК WADA-2025 Бүкіләлемдік допингке қарсы конференциясына қатысты
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен 2025 жылғы WADA Бүкіләлемдік допингке қарсы конференциясына қатысып, халықаралық тәжірибе мен жаңа ережелермен танысты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Іс-шара Busan Exhibition and Convention Center алаңында өтті. Азияда алғаш рет өткізілген конференцияға әлемнің 190-нан астам елінен шамамен 2000 қатысушы жиналды. Олардың арасында антидопинг агенттіктері, халықаралық федерациялар, ұлттық олимпиадалық комитеттер, аккредиттелген зертханалар мен спорттық институттардың өкілдері болды. Қазақстан ҰОК атынан форумға Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов қатысты.
Іс-шара барысында әлемдік спорт қауымдастығының жетекші тұлғалары ой бөлісті. Сөз алғандар қатарында ХОК президенті Кирсти Ковентри, WADA басшысы Витольд Банька, WADA вице-президенті Ян Ян, Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің алғашқы нұсқасын әзірлеген Ричард Янг, халықаралық федерациялар мен зертханалар өкілдері болды.
Конференцияның негізгі шешімі – 2027 жылдан бастап қолданылуға енгізілетін Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің жаңартылған нұсқасын қабылдау болды. Жаңартылған құжаттарға сегіз стандарт пен спортшылардың құқықтарын қорғауға арналған Athletes’ Anti-Doping Rights Act кіреді.
Жаңартылған кодекс спортта әділдік пен ашықтықты күшейтуді, допингке қарсы саясатты тек бақылау тәсілінен спортшылармен серіктестікке негізделген модельге көшіруді көздейді. Сонымен қатар, кәмелет жасқа толмағандар мен осал топтарды қорғауға ерекше мән берілген.
Кодекс 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін халықаралық және ұлттық ұйымдар өздерінің ішкі ережелері мен рәсімдерін жаңа талаптарға бейімдеуі қажет.
«Конференция жаңартылған Кодекстің құрылымы мен 2027 жылы қолданысқа енгізілетін талаптарды толық түсінуге мүмкіндік берді. Біз үшін ұлттық регламенттерді дер кезінде бейімдеу және қазақстандық спортшылар мен бапкерлердің халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету өте маңызды», – деді Роман Теміржанов.
Фото: ҰОК
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған