Қазақстан спортшылары Азия үздіктерінің қатарына қосылды
2025 жылы қазақстандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында тарихи жетістікке жетіп, рекорд жаңартты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұлттық құрама спорттың 8 түрінен барлығы 32 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 14 алтын, 5 күміс және 13 қола бар. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.
Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейінгі үздік нәтиже 2023 жылы тіркеліп, ол кезде спортшылар 22 жүлде (7 алтын, 5 күміс, 10 қола) алған еді. Осылайша, 2025 жылы жалпы медаль саны 10-ға артып, алтын жүлде саны екі есеге көбейді. Қазақстандықтар бокс, дзюдо, күрес түрлері, семсерлесу, таеквондо, садақ ату және нысана көздеуден жоғары нәтиже көрсетті.
Әлем чемпионаттарында жүлде алған спортшылар қатарында боксшылар Алуа Балқыбекова, Махмұд Сабырхан, Санжар Тәшкенбай, дзюдошы Әбиба Әбужақынова, грек-рим күресінің өкілі Айдос Сұлтанғали, семсерлесу және садақ ату құрамалары, сондай-ақ таеквондошылар Айдана Құмартаева мен Нодир Ахмедов бар.
Азия елдері арасында жалпыкомандалық есепте Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея алда болса, Қазақстан 4-орынға тұрақтады. 11 әлем чемпионатында 14 алтын алған отандастарымыз алтын жүлде саны бойынша бірқатар қарсыластарынан озып, құрлықтағы көшбасшы елдердің бірі екенін дәлелдеді.
Бұл нәтиже ұлттық құрамалардың жүйелі дамуын және негізгі спорт түрлеріндегі тұрақтылықты көрсетеді. Осы жетістіктер 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында да Қазақстан спортшыларының жоғары нәтиже көрсетуіне зор үміт ұялатады.
Фото: bassport
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған