Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 4‑15 қазан күндері Дуррес қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында керемет жетістікке қол жеткізді. Марк Смирнов пен Эдгар Мамедов әлем чемпионы атанса, Сауат Нұрғалиев күміс медальді қанжығасына байлады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарысқа 84 елдің 711 шахматшысы қатысқан. Турнир аясында швейцариялық жүйе бойынша бірінші 40 жүріске 90 минут, партияның соңына дейін 30 минут берілетін және әр жүріс үшін 30 секунд қосылатын классикалық уақыт бақылауымен 11 тур өтті. Қазақстан намысын 14, 16 және 18 жасқа дейінгілер санатына кіретін 44 спортшы қорғады.
13 жасар Марк Смирнов 11 ұпайдан 9½ жинап, 14 жасқа дейінгі бозбалалар (O14) арасында әлем чемпионы атанды. Алматылық спортшы Қытай шахматшысы Цзян Хаочэнді (8½ ұпай) басып озып, соңғы турда Польшаға өкілдік еткен Петр Бжезинді 34 жүріспен анық жеңді. Бұл Марктың екінші алтын жүлдесі: 2022 жылы ол 10 жасқа дейінгілер санатында күміс медаль алды, ал 2023 жылы 12 жастағы спортшылар арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанды. Албанияда ол сондай-ақ екінші халықаралық шебер нормасын орындады.
15 жастағы Эдгар Мамедов 8 ұпай жинап, 16 жасқа дейінгі бозбалалар (O16) арасында әлем чемпионы атанды. Дәл сондай нәтижеге қол жеткізген Сауат Нұрғалиев Бухгольц коэффициенті бойынша екінші орынға ие болды. Шешуші турда Сауат Үндістан шахматшысы Ваза Этанмен партияда 123 жүріс жасап, ойынды тең нәтижемен аяқтады. 8 ұпайдан алып, алты қарсыласынан басым түскен Эдгар мен Сауат тамаша ойын көрсетті.
14 жасқа дейінгі қыздар (G14) санатында Мария Холявко 8-ші орын алды (7½ ұпай), Ханзада Аманжол – 14-ші (7 ұпай), Ақнұр Мамақова – 17-ші (7 ұпай) орында. 16 жасқа дейінгі қыздар (G16) арасында Зарина Нұрғалиева – 8-ші (7½ ұпай), Елназ Қалиахмет 15-ші (7 ұпай) орынға ие болды. 14 жасқа дейінгі бозбалалар санатында Ақылжан Мейірханұлы 9-шы орынға қол жеткізіп (7½ ұпай), топ-10 қатарына кірді. 18 жасқа дейінгі бозбалалар (O18) арасында Алдияр Аңсат 8-ші (7½ ұпай) орынға шықса, Даниял Сәпенов 19-шы (7 ұпай) болып келді.
Фото: Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі