Қазақстан гимнастары Азия чемпионатында жүлдеге іліге алмады
Қытайдың Цуньи қаласында спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сайыста төртінші орынға тұрақтады.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша қазақстандық гимнасттар 240,660 ұпай жинады. Ел намысын Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов, Роман Хегай, Дияс Тойшыбек және Нұртаң Ыдрысов қорғады.
Командалық жарыста Қытай құрамасы 253,461 ұпаймен чемпион атанса, Жапония 248,795 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Ал Корея Республикасы 242,561 ұпай жинап, қола медальді иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жүлдеден небәрі бір саты төмен қалып қойды. Дегенмен қазақстандық спортшылардың бірқатары жекелеген снарядтардағы финалдық жарыстарда медаль үшін күресін жалғастырады.
Айта кетейік, Қазақстан ерлер құрамасы 2023 жылы Сингапурда өткен Азия чемпионатында тарихында алғаш рет командалық сында қола жүлде алған болатын. Ал былтыр Кореяның Чечхон қаласында өткен құрлық біріншілігінде де осы нәтижені қайталаған еді.
Цуньидегі Азия чемпионатының маңызы ерекше. Себебі бұл жарыс күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындары алдындағы негізгі сынақтардың бірі саналады.
Фото: ҰОК
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған