Қазақстан әйелдер волейбол құрамасының жаңа бас бапкері белгілі болды
Қазақстан әйелдер волейбол құрамасының жаңа бас бапкері анықталды. Sportarena.kz тілшісінің мәліметінше, ұлттық құраманың тізгінін тәжірибелі маман Асқар Шалқыбеков қолға алады.
Ол соңғы үш жыл бойы «Тұран» клубын жаттықтырып келеді. Шалқыбековтің жетекшілігімен түркістандық команда 2024 жылы Қазақстан чемпионы атанып, өткен маусымда ел кубогын жеңіп алды. Бұған дейін ол бірнеше жыл «Жетісу» клубын басқарған, сол кезеңде командамен бірге бірнеше мәрте ел чемпионатын және Қазақстан Кубогын ұтқан.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасын ресейлік маман Ришат Гилязутдинов жаттықтырған болатын. Ол өткен жылғы AVC Ұлттар кубогындағы сәтсіз нәтижеден кейін қызметінен кеткен еді. Аталған турнирде Қазақстан құрамасы Азияның әлсіздеу командалары арасында төртінші орынмен шектелді.
Биыл Қазақстан әйелдер құрамасын төрт ірі жарыс күтіп тұр. Атап айтқанда, команда Орталық Азия чемпионатына (Непал), AVC Кубогына (Филиппин), Азия чемпионатына (Қытай) және 2026 жылғы Азия ойындарына (Жапония) қатысады.
Фото: time.kz
Ең көп оқылған