Қазақ күресі: Түркістанда әлем кубогы басталды
Түркістанда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған ересектер арасындағы Әлем кубогы салтанатты түрде басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Төл спортымыздың мәртебесін арттыруды мақсат еткен халықаралық доданың ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер! Бүгін қазақ күресінен ұлт мақтанышы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Әлем кубогы өтіп жатыр. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде айрықша рух пен қайсарлықты дәріптейтін төл өнеріміз. Бүгінде әлемнің 40-тан аса елінде қазақ күресінің федерациялары құрылып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Соңғы жылдары Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары тұрақты өткізіліп, қазақ күресі жаңа деңгейге көтерілді. Сондай-ақ елімізде жоғары дәрежеде ұйымдастырылып келе жатқан «Тұран барысы», «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» сынды турнирлер халықтың зор қызығушылығына ие. Күні кеше қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионаты сәтті аяқталды. Бүгінде Түркістан қаласы қазақ күресінің халықаралық орталығына айналып отыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.
30-31 қазан күндері өтетін дүбірлі додада 14 елден келген 100-ге жуық балуан боз кілемге шығып, 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Ер жігіттің ептілігі мен қайратын, рухы мен төзімін сынға салатын бұл жарыс әлемнің үздік балуандарын анықтамақ.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған