ПСЖ - «Астон Вилла»: УЕФА Суперкубогы қашан өтеді?
12 тамызда, УЕФА Суперкубогы үшін матч өтеді. Австрияның Зальцбург қаласындағы «Ред Булл Арена» стадионында Чемпиондар лигасының жеңімпазы француздық ПСЖ мен Еуропа лигасының чемпионы ағылшынның «Астон Вилла» клубы кездеседі, деп жазады malimsports.kz.
Матч Мәскеу уақытымен сағат 22:00-де басталады. Қазақстанның Ақтау уақыты бойынша ойын 13 тамызға қараған түні сағат 00:00-де басталады.
Кездесудің бас төрешісі ретінде сомалилік Омар Артан тағайындалды. Оған Джибути өкілі Либан Ахмед пен кениялық Стивен Йембе көмектеседі. Қосалқы төреші - словениялық Раде Обренович.
Омар Артан – Африкадағы үздік төрешілердің бірі. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатына АҚШ-қа кіруге рұқсат ала алмай, турнирде жұмыс істей алмаған еді. Кейін УЕФА оны Суперкубок матчына төреші ретінде таңдады.
ПСЖ өткен маусымда Чемпиондар лигасын қатарынан екінші рет жеңіп алды. Париждік клуб финалда «Арсеналды» негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңді. Ал «Астон Вилла» Еуропа лигасының финалында немістің «Фрайбург» командасын 3:0 есебімен ұтып, чемпион атанды.
ПСЖ – Суперкубоктың қазіргі жеңімпазы. Өткен жылғы кездесуде француз клубы «Тоттенхэмді» пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңген болатын.
Матчта тең есеп тіркелген жағдайда қосымша уақыт ойнатылмайды. Командалар бірден пенальти сериясына көшеді.
ПСЖ құрамында әлем чемпионатынан кейін командаға кеш қосылған Фабиан Руис, Усман Дембеле және Дезире Дуэның алаңға шығуы екіталай. «Астон Виллада» да Эмилиано Мартинес, Эзри Конса және Олли Уоткинс матчқа қатыспайды. Сонымен қатар Амаду Онана мен жаңа ойыншы Йохан Манзамби жарақатына байланысты командаға көмектесе алмайды. ПСЖ бас бапкері Луис Энрике де әлем чемпионатынан кейінгі дайындықтың қысқа болғанын атап өтті. ПСЖ мен «Астон Вилла» бұған дейін бір-ақ рет кездескен. 2024/25 жылғы Чемпиондар лигасының ширек финалында командалар жолыққан. Алғашқы ойында ПСЖ 3:1 есебімен жеңсе, қарымта кездесуде «Астон Вилла» 3:2 есебімен басым түскен. Осылайша жалпы есеп бойынша 5:4 нәтижесімен француз клубы келесі кезеңге өткен.
Биылғы Суперкубок Зальцбургтегі «Ред Булл Аренада» өтетін алғашқы УЕФА Суперкубогы болмақ.
Фото: Ашық дереккөзден
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған