Президент даңқты альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Альпинизмдегі аса үздік жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Ерванд Тихонович Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілсін», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Ерванд Ильинский кеңестік және қазақстандық альпинист, бапкер. Ол 1991–2010 жылдары әлемде тұңғыш рет Жер шарындағы барлық 14 сегізмыңдық шыңды бағындырған Қазақстан альпинизм құрамасының бас бапкері болды. 1990 жылы Эверест шыңына көтеріліп, 2007 жылы Қазақстанда алғаш болып «Жеті шың» клубының мүшесі атанды.
КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1975), КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1979), КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1982) атағымен марапатталған.
Фото: Альпинизм федерациясы
Ең көп оқылған