Павлодарда спорт мектептерінен 10 млн теңгеге жуық қаржы ұрланған
Павлодар облысында прокурорлар спорт ұйымдарына жүргізген тексеру барысында шамамен 10 млн теңге бюджет қаражатының ұрланғанын анықтады. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, тексеру стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерін қамтыған. Нәтижесінде бірқатар спорттық нысандардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені белгілі болды.
Сондай-ақ кейбір нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылғанымен, жалдау ақысы төленбеген. Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, оның коммуналдық шығындары бюджет есебінен өтелген.
6 млн теңгені өзіне аударған бухгалтер анықталды
Тексеру барысында спорт мектептерінің қызметінде ұрлық пен жалған төлемдер деректері тіркелген.
«Спорт мектептерінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», – делінген ресми хабарламада.
Жалған дипломдар мен «болмаған қонақүйлер»
Прокуратура дерегінше, тексеру кезінде спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың, сондай-ақ денсаулық пен имандылыққа қарсы қылмыстар үшін бұрын сотталған тұлғалардың жұмыс істегені анықталған.
Бұдан бөлек, спортшыларды болмаған қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған келісімшарттар жасалып, мемлекетке 2,8 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Спорт нысандарының жағдайы сын көтермейді
Прокуратура өңірдегі спорт инфрақұрылымының басым бөлігі тозғанын атап өтті. Кейбір стадиондарда трибуналар қираған, шатырлардан су ағады, мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалмаған. Сонымен қатар санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары толық сақталмайды.
Фото: Pixbay
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған