Париж Олимпиадасының «таза құны» €2,8 млрд шамасында бағаланды
Францияның Стратегия және жоспарлау жөніндегі Жоғарғы комиссиясы Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының «таза құнын» €2,8 млрд деп бағалады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл көрсеткіш Францияның Есеп палатасы бұрын жариялаған €6,65 млрд шығыннан екі еседен астам төмен. Комиссияның қорытындыларын L'Equipe басылымы келтірді.
Есеп палатасының дерегіне сәйкес, Олимпиадаға жұмсалған жалпы шығынның €3,6 млрд-ы инфрақұрылым салуға, ал €3 млрд-ы жарыстарды ұйымдастыруға бағытталған. Ал жаңа зерттеуде инфрақұрылымдық нысандардың ұзақ мерзімді пайдасы ескерілген. Сарапшылардың пайымдауынша, салынған нысандардың қалдық құны шамамен €3 млрд болуы мүмкін.
Зерттеуді Комиссияның тапсырысы және бақылауымен Тұрмыс жағдайларын зерттеу және бақылау ғылыми орталығы (CRÉDOC) жүргізген. Сондай-ақ есеп авторлары жаңа жұмыс орындарының ашылуынан келетін экономикалық тиімділікті шамамен €200 млн, ал парниктік газдар шығарындыларының азаюынан түсетін пайданы да осы көлемде бағалаған.
Бұдан бөлек, спортты кеңінен насихаттаудың Франция экономикасына әкелетін пайдасы €250 млн деп есептелген. Ал француз көрермендерінің Олимпиададан алған әсері мен қанағатының экономикалық құны €300 млн шамасында бағаланып отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіш аралық деп аталып, кейбір әлеуметтік-экономикалық тиімділіктер уақыт өте келе артуы мүмкін екені атап өтілген.
Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтті. Стратегия және жоспарлау жөніндегі Жоғарғы комиссия — Франция үкіметі жанындағы мемлекеттік аналитикалық орталық болып табылады және ол елдегі әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және экологиялық саясатты зерттеумен айналысады.
Фото: Getty Images
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған