Отандық спортшыларға соңғы бір айда қандай сыйлықтар табысталды
Соңғы жылдары Қазақстанда спортшыларды марапаттау мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Бұрын тек құрмет пен қошемет көрсетілсе, бүгінде әлемдік аренада ел намысын қорғаған чемпиондарға қомақты сыйақы, пәтер мен көлік кілттері табысталады. Бұл – мемлекет тарапынан ғана емес, өңірлер мен жеке кәсіпкерлердің де спортшыларға көрсетіп отырған зор қолдауының белгісі, деп хабарлайды malimsports.kz El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Миллиондар мен марапаттар: бокстан әлем чемпиондарының табысы
2025 жылғы әлем чемпионаты қазақ боксшылары үшін тарихи жарыс болды. Қазақстан құрамасынан бірден 10 спортшы жүлдегер атанды, оның жетеуі – алтын, бірі – күміс, екеуі – қола медаль иегері.
Мемлекет тарапынан бекітілген ережеге сәйкес, әлем чемпиондары мынадай сыйақы алды:
Алтын – 15 000 доллар (8,1 млн теңге);
Күміс – 7 000 доллар (3,7 млн теңге);
Қола – 5 000 доллар (2,7 млн теңге).
Бұған қоса, Қазақстан бокс федерациясы бұрын-соңды болмаған көлемде сыйақы тағайындады:
100 000 доллар (шамамен 54,4 млн теңге),
50 000 доллар (27,2 млн теңге),
30 000 доллар (16,3 млн теңге).
Нәтижесінде Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданованың әрқайсысы 115 мың доллардан немесе шамамен 62 млн теңге сыйақы алды.
Күміс жүлдегер Назым Қызайбай – 31 млн теңге, ал қола иегерлері Виктория Графеева мен Ельдана Тәліпова – әрқайсысы 19 млн теңгеден иеленді.
Тәліпова екі жекпе-жек өткізіп, бір жеңіс пен бір жеңіліс нәтижесінде біріншіліктің қола медаліне қол жеткізген болатын.
Көлік, пәтер, ақшалай сыйлық: өңірлердің құрметі
Бүгінде жеңіспен оралған әр спортшыны туған өңірлері ерекше қошеметпен қарсы алады. Мәселен, Астана қаласында алтын иегерлері Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайға 30 миллион теңгеден табыс етілді.
Шымкентте ағайынды Сабырхандарға – пәтер мен көлік, ал олардың бапкері Ілияс Оралбековке пәтер сыйға берілді.
Қарағандыда екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікееваға жол талғамайтын KIA көлігі, ал оның жеке жаттықтырушысы Ислам Әбдірайымовқа 5 миллион теңге сертификат табысталды. Бұл – Әбікееваның туған жерінен алған екінші көлігі. Бұған дейін ол Сербиядағы жеңісінен кейін де автокөлік иеленген болатын.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев чемпионды құттықтап, оның алдағы басты мақсаты Олимпиада-2028 екенін атап өтті.
Петропавл мен Алматы чемпиондарына – жаңа темір тұлпарлар
Солтүстік Қазақстан облысында алтын медаль иегері Наталья Богдановаға құны 10 миллион теңгеден асатын жаңа Changan CS55 автокөлігі табысталды. Бұл оның әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын жүлдесі еді.
Алматыда екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова 40 миллион теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, күміс жүлдегер Назым Қызайбайға – 30 миллион, ал қола иегері Виктория Графееваның еншісіне 20 миллион теңге бұйырды.
Түркістанның абыройы: чемпиондарға жаңа көлік
Ал осыдан бірер күн бұрын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қол күресінен әлем чемпионы атанған жерлестері Санжар Зәрубек, Ердәулет Мұхамбетов және Нұрдәулет Айдарханға су жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті.
Әкім спортшылардың жеңісін «ел намысын асқақтатқан үлкен жетістік» деп бағалады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айында Түркістан спортшылары 79 әлемдік, 109 азиялық, және 1060 ұлттық медаль жеңіп алған.
Футболшыларға да құрмет
Тек боксшылар емес, соңғы уақытта футболшыларға да қомақты сыйлықтар берілуде. Чемпиондар лигасына шыққан «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Hyundai Palisade көлігіне ие болды. Ал клубтың еурокубоктық додада өнер көрсетуіне тікелей себепші болған жас қақпашы Темірлан Анарбеков алдымен Apple MacBook сыйға берілсе, әлеуметтік желідегі көптеген пікірден Zigi Zagi компаниясы оған заманауи автокөлік табыстады.
Алматылық ұжымның тағы бір қақпашысы 18 жастағы Шерхан Қалмырза «Реал Мадридке» қарсы матчтан кейін Exeed маркалы жаңа көлік иегері атанды. Бұл сыйлықты кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов өз атынан тарту етті.
Жеңісті бағалау – спортқа инвестиция
Қазақстанда соңғы жылдары спорттағы жетістік тек мақтаныш емес, нақты материалдық ынталандырудың көрсеткіші болып отыр. Бұл үрдіс – спортшылардың еңбегіне деген құрметтің айқын белгісі әрі жаңа буынға мотивация көзі.
Әлемдік аренада көк Туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан әр чемпионның артында үлкен еңбек, қажырлы дайындық пен адал маңдай тер тұр. Сондықтан оның бағалануы заңдылық.
Фото: Ашық дереккөзден
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған