Оңтүстік Корея құрамасы Чехияны жеңіп, әлем чемпионатын жеңіспен бастады
АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында топтық кезеңнің екінші матчы аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
А тобындағы кездесуде Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары өзара мықтыны анықтады. Мексиканың Сапопан қаласындағы «Акрон» стадионында өткен матчта Оңтүстік Корея құрамасы камбэк жасап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің алғашқы таймында командалар есеп аша алған жоқ. Ойынның 59-минутында Чехия құрамасының қорғаушысы Ладислав Крейчи мергендік танытып, өз командасын алға шығарды.
Алайда кореялықтар тез арада жауап қайтарды. 67-минутта қорғаушы Хван Ин Бом таразы басын теңестірді. Ал матчтың 80-минутында шабуылшы О Хен Гю жеңіс голын соғып, Оңтүстік Корея құрамасына үш ұпай сыйлады.
Осы жеңістің арқасында Оңтүстік Корея құрамасы үш ұпай жинап, А тобында екінші орынға көтерілді. Қосымша көрсеткіштер бойынша көш басында турнир қожайыны Мексика тұр. Ашылу матчында мексикалықтар Оңтүстік Африка құрамасын жеңген болатын.
Ал Чехия мен Оңтүстік Африка құрамалары әзірге ұпай еншілей алмай, үшінші және төртінші орындарға жайғасты.
Айта кетейік, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне әр топта алғашқы екі орын алған құрамалар тікелей жолдама алады.
Фото: Getty Images
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған