Ольга Довгун: Александра Ле жақын арада жарыс жолына қайта шығады
Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасы халықаралық маусымды қарқынды өткізіп жатыр. Спортшыларымыз бірнеше ірі жарыста өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ал тығыз күнтізбеге қарамастан, команда қазірдің өзінде жылдың басты додасы - Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастап кеткен. Бүгінде алдын ала құрам да жасақталған. Бұл туралы бас бапкер Ольга Довгун Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.
Қазіргі таңда ұлттық құрама үшін соңғы жарыс Германияның Мюнхен қаласында өткен Әлем кубогының кезеңі болды. Қазақстандық мергендер жылдың ең беделді турнирлерінің бірінде екі рет финалға жолдама алды.
Спортшыларымыз барын салып күресіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Жуырда Мюнхенде Әлем кубогының кезеңі өтті. Бұл қала нысана көздеу спортының орталығы саналады. Өйткені мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен өте көп спортшы жиналады. Тіпті, бұл жарысты күнтізбедегі ең ауқымды Әлем кубогы деуге болады.
Әр жаттығу түріне кем дегенде жүзге жуық спортшы қатысты. Кейбір дисциплиналарда қатысушылар саны 150-160 адамға дейін жетті. Соған қарамастан біздің мергендер жақсы нәтиже көрсетті. Валерий Рахымжан мен Арина Малиновская финалға шықты. Шешуші сында сәл сәттілік жетіспей, жүлдеге іліге алмады. Белгілі бір қиындықтар болды, дегенмен бұл - жақсы көрсеткіш.
София Шульженко да финалға шығуға бір табан жақын еді. Жалпы, бұл Әлем кубогында бәсекенің деңгейі өте жоғары болды. Кейде бір ұпайдың өзі он орынға дейін төмен түсіріп жіберді. Соған қарамастан жарыстағы жалпы нәтижелер көңіл қуантады. Бұл тек жоғарыда аталған спортшыларға ғана емес, Мюнхенде өнер көрсеткен барлық мергенімізге қатысты", - деді Довгун.
Биыл Қазақстан Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатына да қатысты. Бұл жарыста ұлттық құрама 11 медаль жеңіп алды: төрт алтын, төрт күміс және үш қола.
"Биыл Азия чемпионаты біз үшін сәтті өтті. Команда қоржынға көп медаль салды. Ұлттық құрама жоғары деңгейде өнер көрсетіп, спортшылар өз әлеуетін дәлелдей білді. Бұл біз үшін негізгі додаға апарар маңызды кезеңдердің бірі ғана. Қазір дайындық жұмыстары жоспарға сай жалғасып жатыр", - деді бас бапкер.
Айта кетейік, осы маусымда 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле бірқатар маңызды жарысты өткізіп алды. Алайда Ольга Довгунның айтуынша, тәжірибелі спортшы жақын арада қайтадан сапқа оралады.
"Александра аздап демалып алды. Қазір толыққанды жаттығу жасап жатыр. Жақын арада оны жарыстардан көреміз. Шілденің басында Қазақстан чемпионаты өтеді. Одан кейін Қытайдағы Әлем кубогының кезеңіне аттанамыз. Александра осы жарыстарға қатысады”,- деді ол.
Маусымдағы басты мақсат - Жапонияда өтетін Азия ойындары. Бапкерлер штабы алдын ала құрамды анықтап қойғанымен, түпкілікті шешім алдағы жарыстардан кейін қабылданады.
"Көптеген жазғы спорт түрлері сияқты, біз үшін де маусымның басты додасы - Жапониядағы Азия ойындары. Қазіргі таңда құрамды анықтап қойдық деп айта аламын. Әзірге толық тізімді де, әлі бақылауда жүрген спортшылардың есімдерін де жариялай алмаймын. Алдымызда тағы екі жарыс бар, солардан кейін бәрін қайта саралаймыз. Азия ойындарына дейін көп уақыт қалған жоқ: маусым, шілде, тамыз. Осы аралықта Қазақстан чемпионаты мен Қытайдағы Әлем кубогының кезеңі өтеді. Дәл осы Әлем кубогына Азия ойындарында ел намысын қорғайтын мергендер барады.
Одан кейін спортшыларға шамамен екі аптадай қысқа демалыс береміз. Бұл олардың моральдық әрі физикалық тұрғыда қалпына келуіне көмектеседі. Тамыз айының ортасында қайта жаттығуды бастаймыз. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басын қамтитын қорытынды оқу-жаттығу жиынын жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстан чемпионаты сияқты Алматы облысында өтеді. Осыдан кейін Азия ойындары басталады. Сонымен қатар қараша айында лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Онда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Сол додаға дейін де спортшыларды тыңғылықты дайындауымыз керек. Олар толық қалпына келіп, қайтадан бабына енуі тиіс. Жалпы жоспарымыз осындай", - деді бас бапкер.
Фото: ҰОК
Ең көп оқылған