Баскетболдан «Нью-Йорк Никс» клубы НБА Кубогының жеңімпазы атанды. Бұл - команданың соңғы 52 жылдағы алғашқы трофейі, деп хабарлайды malimsports.kz.
Нью-йорктік клуб бұған дейін соңғы рет 1973 жылы НБА чемпионы болған еді.
Финалдық матч Лас-Вегаста өтіп, «Нью-Йорк Никс» «Сан-Антонио Сперс» командасын 124:113 есебімен жеңді (28:30, 31:31, 30:33, 35:19).
Кездесудің ең нәтижелі ойыншысы «Нью-Йорк» сапындағы Оу Джи Ануноби болды — 28 ұпай жинады. Ал Карл-Энтони Таунс дабл-дабл жасап, 16 ұпай және 11 рет допты қайтарды.
«Сан-Антонио» қатарында Дилан Харпер 21 ұпаймен көзге түссе, Стефон Касл 15 ұпай және 12 нәтижелі паспен дабл-дабл тіркеді.
НБА Кубогы 2023/24 маусымынан бастап тұрақты чемпионат аясында өткізіледі. Турнир алты топтан (әр топта бес команда) басталып, кейін плей-офф кезеңімен жалғасады. Бұл матчтардағы нәтижелер НБА тұрақты маусымының турнирлік кестесіне де есептеледі.
«Нью-Йорк Никс» аталған трофейді иеленген үшінші команда атанып отыр. Бұған дейін Кубокты «Лос-Анджелес Лейкерс» пен «Милуоки Бакс» жеңіп алған.
Қазіргі таңда «Нью-Йорк Никс» НБА-ның Шығыс конференциясында екінші орында келеді — 18 жеңіс, 7 жеңіліс. Келесі ойынын команда 19 желтоқсанда «Индиана Пэйсерске» қарсы өткізеді.
Фото: Getty Images