Никита Ефимов Азия ойындарындағы гандбол матчына баға берді
Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктеріне қарсы ойнап, 27:35 есебімен жеңіліп қалды, деп жазады malimsports.kz.
Матчтан кейін құраманың бас бапкері Никита Ефимов ойынға қатысты пікір білдірді.
Маманның айтуынша, команда қарсыласты алдын ала зерттеген. БАӘ құрамасы бұған дейін Қытайдан жеңілген болатын, сондықтан қазақстандық жас гандболшылар қайсарлық пен табандылыққа құрылған ойын көрсетуге дайындалған.
«Гандбол – өте қатаң әрі күрделі спорт түрі. Мен ойыншыларға тек ереже аясында ойнау керектігін ескерттім. Қарсыласты арттан тартпай, алдымен өзіңнің алдыңда ұстай білу керек. Ойын барысында кей сәттерде спорттық емес әрекеттер болды, бірақ біз тәртіпті сақтауға тырыстық», – деді Ефимов.
Ол сондай-ақ, төрешілер ойынға қатты араласпағанын, сондықтан шабуыл мен қорғаныста физикалық күрес көп болғанын атап өтті.
Никита Ефимов құраманың ойын деңгейіне жалпы қанағаттанғанын жеткізді. Себебі кейбір ойыншылар үшін бұл — алғашқы халықаралық жарыс. Қазақстан құрамасы шетелдік турнирлерге тек өткен жылдан бастап қатысып жүр: алғашында Алматыда өткен жарыс, кейін Үндістандағы турнирге барған. Сондықтан бапкер бұл Азия ойындарын үлкен тәжірибе мектебі ретінде қарастырып отыр.
«Біздің қыздарымызда тәжірибе мол – Азия чемпиондары да болды, Олимпиадаға жолдама алған. Ал ерлер мен ұлдар құрамасында ондай жетістіктер әзірге жоқ. Бірақ біз жұмыс істеп жатырмыз. Спорт мектептері мен Қазақстан чемпионаттары арқылы таланттарды іріктеп, құрама жасақтаудамыз», – деді бас бапкер.
Ефимовтың айтуынша, команда алғашқы матчта сенімсіз ойнаған, ал БАӘ-ге қарсы кездесуде қарсылық көрсетіп, қарсыластың деңгейінде ойын өрнегін көрсете алған. Алда әлі үш ойын бар, соның ішінде Азия чемпионы Иран құрамасы да кездеседі.
«Иран мықты, бірақ біз ешқандай командадан қорықпаймыз. Жеңіл серуен болмайтынына көз жеткіземіз. Біздің де айтар сөзіміз бар», – деп түйіндеді Никита Ефимов.
Фото: ҰОК баспасөз қызметі
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған