НБА жұлдызы АҚШ-та мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды
Финикс Санз клубының ойыншысы, канадалық баскетболшы Диллон Брукс АҚШ-тың Аризона штатында мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды malimsports.kz TMZ Sports-ке сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, спортшы жұма күні түнде Скоттсдейл қаласындағы полиция бөлімшесіне жеткізілген. Шамамен бір сағаттан кейін ол босатылған.
Ақпаратта 30 жастағы баскетболшының өзін сыпайы ұстап, полиция қызметкерлерімен толықтай ынтымақтастық танытқаны айтылған. Оқиғаның басқа да егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.
Өткен жылдың маусым айында TMZ Sports Брукстың бұрынғы сүйіктісі, екі баласының анасы Хизер Эндрюсқа қарсы сотқа шағым түсіргенін жазған. Ол әйелді өзіне саусақтарын кесіп тастаймын деп қорқытты деп айыптаған.
Қазіргі маусымда Брукс «Финикс» сапында 50 матч өткізіп, бір ойынға орта есеппен 20,9 ұпай жинап, 3,7 рет допты қалпына келтірген. Жарақат алғанға дейін бұл оның мансабындағы ең нәтижелі маусым болып саналған.
22 ақпанда өткен «Финикс Санз» бен «Орландо Мэджик» арасындағы кездесуде (113:110) канадалық баскетболшы қолын сындырып алған. ESPN мәліметінше, ол үш-төрт аптаға дейін алаңға шыға алмайды.
Айта кетейік, Диллон Брукс бұған дейін НБА-да «Хьюстон Рокетс» (2023-2025) және «Мемфис Гриззлис» (2017-2023) клубтарының намысын қорғаған.
Фото: Getty Images
Роналдудың жарақатына байланысты Мадридке емделуге аттанғаны белгілі болды
Ең көп оқылған