Миы шайқалған 11 дүркін Олимпиада чемпионы әлем кубогының финалдық кезеңіне қатысады
11 дүркін Олимпиада чемпионы Йоханнес Клебо бір апта бұрын Драмменде алған ми шайқалуына қарамастан, АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында 20-22 наурыз күндері өтетін Әлем кубогының соңғы кезеңіне қатысатынын мәлімдеді, деп жазады malimsports.kz.
«Бұл сапар қалпына келу тұрғысынан оңай болмайтынын түсінемін. Ұзақ жол және уақыт белдеуінің ауысуы әсер етеді. Бірақ АҚШ-тағы финалға қатысқым келеді», - деді спортшы.
Норвегия құрамасының дәрігері Уве Фераген шаңғышының жарысқа қатысуына денсаулығы мүмкіндік беретінін растады. Оның айтуынша, Драммендегі құлаудан кейін Клебо бірнеше күн тынығып, біртіндеп жаттығуды қайта бастаған. Қосымша тексерулерден кейін дәрігерлер оның жарысқа дайын екенін анықтаған.
АҚШ-тағы кезеңге қатысу Клебоға жалпы есепте үш бірдей титулды жеңіп алуға мүмкіндік береді. Ол қазірдің өзінде жалпы және спринттік есепте жеңісін қамтамасыз еткен. Ал қашықтық жарыстарында Харальд Эстберг Амундсеннен небәрі үш ұпайға қалып келеді.
Еске сала кетейік, 12 наурызда классикалық спринттің жартылай финалында Клебо америкалық Бен Огденден кейін құлап, желкесімен соққы алған. Ол бірден орнынан тұра алмай, кейін ұйымдастырушылардың көмегімен трассадан шығарылып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған «ми шайқалуы» диагнозын қойған.
29 жастағы спортшы 4 қаңтардан бері алғаш рет жарыста жеңіске жете алмады. Бұған дейін оның жеңісті сериясы 12 жарысты құраған.
Айта кетейік, Италияда өткен қысқы Олимпиадада Клебо алты алтын медаль жеңіп алып, Қысқы ойындардың рекордын орнатқан.
Фото: Global Look Press
Африка кубогындағы дау: Сенегал чемпиондықтан айырылып, жеңіс Мароккоға берілді
Ең көп оқылған