«Милан - Сан-Ремо» велотурында бірнеше велошабандоз жарыс жолында жаппай құлады
Әйелдер арасындағы біркүндік Милан - Сан-Ремо веложарысы кезінде жаппай құлау оқиғасы тіркелді. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
Оқиға жарыс жолының қауіпті ылдидың бірінде тіркеліп, мәреге шамамен 20 шақырым қалғанда оқыстан болды. Жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын дода барысында бірнеше спортшы жарақат алған. Солардың ішінде ең ауыр соққыны алған Дебора Сильвестри екені айтылды. Ол қақтығыстан қашуға тырысқан сәтте қоршаудан асып кетіп, шамамен екі метр биіктіктен құлаған.
Спортшы дереу ауруханаға жеткізілді. Оның командасы - Laboral Kutxa - 27 жастағы велошабандоздың тасымалдау кезінде есін білгенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оның жағдайы туралы толық ақпарат кейінірек жарияланатыны айтылды.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша жеңіс бельгиялық спортшы Лотте Копецки еншісіне бұйырды.
Оқиға кәсіби велоспорттағы қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Жоғары жылдамдық пен күрделі трассаларда өтетін мұндай жарыстарда спортшылардың өміріне төнетін қауіп әрдайым жоғары екені белгілі.
Фото: Laboral Kutxa
Ең көп оқылған