457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Месси мен Салахтың текетіресі: Бүгін әлем чемпионатының 1/8 финалындағы соңғы кездесулер өтеді

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси турнирдегі үздік сұрмерген атанып тұр.

Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалындағы соңғы екі кездесу 7 шілде күні өтеді. Бұл ойындарда Аргентина құрамасы Мысырмен, ал Швейцария Колумбиямен кездеседі, деп хабарлайды malimsports.kz

Алғашқы матчта турнирдің басты фавориттерінің бірі саналатын Аргентина құрамасы Мысырды сынаққа алады. Лионель Скалони шәкірттері алдыңғы кезеңде Кабо-Вердені қосымша уақытта 3:2 есебімен жеңіп, қатарынан 11-жеңісіне қол жеткізді.

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси турнирдегі үздік сұрмерген атанып тұр. Ол осы уақытқа дейін жеті гол соғып, әлем чемпионаттарындағы гол санын 20-ға жеткізді. Сондай-ақ Месси әлем чемпионаттарындағы қатарынан сегіз матчта гол соғып, өз рекордын жаңартты.

Ал Мысыр құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі матчта жеңіске жетті. Африкалық команда 1/16 финалда Аустралияны негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түскеннен кейін пенальти сериясында 4:2 есебімен ұтып шықты. Соңғы сегіз матчтың жетеуінде жеңілмеген Мысыр төрт рет жеңіп, үш мәрте тең ойын көрсетті.

Команда капитаны Мохамед Салах қазіргі әлем чемпионатында бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.

Аргентина мен Мысыр бұған дейін бір-ақ рет кездескен. 2008 жылғы жолдастық матчта аргентиналықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен.

Букмекерлер бұл кездесуде Аргентина құрамасын айқын фаворит санайды.

Екінші ойында Швейцария мен Колумбия құрамалары ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Швейцария алдыңғы кезеңде Алжирді 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатындағы үшінші қатарынан жеңісіне қол жеткізді. Мурат Якиннің командасы соңғы жеті матчта жеңілмей, төрт жеңіс пен үш тең нәтиже тіркеген.

Команданың ең нәтижелі ойыншысы Йохан Манзамби турнирде үш гол соғып, екі нәтижелі пас беріп, бес нәтижелі әрекетімен көзге түсіп отыр.

Колумбия өткен кезеңде Гананы 1:0 есебімен жеңді. Команда соңғы үш матчта бірде-бір гол жібермеген. Жалпы турнир барысында колумбиялықтар тек Өзбекстанмен өткен кездесуде ғана бір гол өткізді.

Швейцария мен Колумбия арасындағы соңғы төрт кездесудің екеуінде оңтүстікамерикалықтар жеңіске жеткен. Оның ішінде 1994 жылғы әлем чемпионатындағы 2:0 есебі де бар.

Фото: Darrian Traynor / Getty Images