Ксения Балабаева 2025 жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен рапид бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Турнир Перу астанасы Лимада өтіп жатыр. 19 жастағы алматылық шахматшы 9 турдан кейін 7 ұпай жинады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 15+10 уақыт бақылауымен (әр ойынға 15 минут және әр жүріске 10 секунд қосылады) өткізілді. Балабаева екі күннен кейін 5 ұпаймен көш бастап тұрған. Жарыстың соңғы күнін Ксения 47-ші жүрісте мат қойған Умида Омонованы жеңумен бастады. Кейін Анна Журова және Афруза Хамдамовамен сенімді тең ойнап, 1-ші орынды алдын ала қамтамасыз етті.
Ксения Балабаева – 2024 жылы Будапештте өткен шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстанның ересектер арасындағы әйелдер құрамасының мүшесі. Қазақстан намысын бұл чемпионатта сондай-ақ Лия Құрманғалиева мен Әмина Қайырбекова қорғады. Амина 6 ұпай жинап 7-ші орынға ие болса, Лия 5 ұпаймен 12-ші орында мәреге жетті.
2025 жылғы әлем чемпионаты (рапид, G20)
1. WGM Ксения Балабаева (2287) – 7 ұпай;
2. WIM Афруза Хамдамова (2384, Өзбекстан) – 6½;
3. WFM Варвара Полякова (2065, FIDE) – 6½;
4. WFM Анна Журова (2189, FIDE) – 6½;
5. WIM Умида Омонова (2265, Өзбекстан) – 6;
6. FM Фиорелла Контрерас Уаман (2152, Перу) – 6;
7. WIM Әмина Қайырбекова (2259) – 6;
8. IM Элине Рёберс (2409, Нидерланды) – 6;
12. WGM Лия Құрманғалиева (2150) – 5.
26 қыркүйек – демалыс күні. 27–28 қыркүйекте блиц бойынша (3+2 форматы: партияға 3 минут және әр жүріске 2 секунд қосылады) 9 тур швейцар жүйесімен өтеді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы