Конор МакГрегор Ирландия президенттігіне үміткер болатынын мәлімдеді

Ирландиялық әйгілі файтер Конор МакГрегор президенттік сайлауға түсу туралы жоспарын ашық түрде мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында бұл қадамға бару себебі - елдегі иммиграциялық саясатқа қатысты қарсылығы екенін айтты. МакГрегордың айтуынша, ол халыққа көбірек еркіндік беріп, маңызды шешімдерді референдум арқылы қабылдауды қолдайды.
Дегенмен оның кандидатурасы ресми тіркелуі екіталай. Ирландия заңнамасына сәйкес, президенттікке үміткер болу үшін 20 парламент мүшесінің немесе кемінде 4 аймақтық кеңестің қолдауы қажет. Ал қазіргі таңда саясаткерлердің басым бөлігі МакГрегорды қолдамайтынын ашық білдірген. Сауалнамаларға сәйкес, парламенттегі 134 саясаткердің ешқайсысы оған қолдау көрсетпейді.
Қоғам тарапынан да пікір екіге бөлінген. Бір бөлігі МакГрегорды қолдап, оны халықтың мүддесін қорғайтын тұлға деп санаса, басқа топтар оның тәжірибесіздігін және даулы мәлімдемелерін алға тартады. Ирландиядағы мұсылман қауымының өкілдері оны «қоғамға жат сөздері үшін» сынап, президенттікке лайық емес екенін мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, МакГрегордың сайлауға түсу мүмкіндігі тым төмен. Ресми саяси қолдаудың жоқтығы мен конституциялық шектеулер оның жолын бөгеп тұр. Дегенмен ол осы бастамасы арқылы қоғам назарын өзіне аударып, ел ішіндегі кейбір саяси мәселелерге көңіл бөлгізе алды.

Ең көп оқылған
