Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан нысана көздеуден Азия чемпионатының кезекті күнінде Қазақстан қоржыны 3 алтын және 2 күміс медальмен толықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
50 метрден кіші калибрлі винтовкамен жатып нысана көздеуде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев алтын медаль жеңіп алды. Сол сында Никита Шахторин күміс жүлде иеленді. Командалық жарыста Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин, Константин Малиновский үздік нәтиже көрсетті.
25 метрден жылдам атылатын тапанша сайысында да Қазақстан спортшылары көзге түсті. Никита Чирюкин, Артемий Кабаков, Кирилл Цуканов қарсылас шақ бермеді, ал жекелей сайыста Никита Чирюкин күміс медаль еншіледі.
Биыл жарыс үш жас санатында (ересектер, жастар, жасөспірімдер) өтуде. Делиде 20 елден 320 спортшы жүлдеге таласып жатыр. Қазақстан құрамасында 47 мерген өнер көрсетіп, ересектер құрамасының бас бапкері – Ольга Довгун. Бәсеке 13 ақпанда аяқталады.
Фото: СДД