Иран құрамасы Италиядағы Паралимпиада ойындарына қатыспайды
Халықаралық паралимпиадалық комитет Иран құрамасы 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарына қатыспайтынын мәлімдеді, деп жазады malimsports.kz.
Иран атынан бұл жарысқа бір ғана спортшы - 23 жастағы шаңғышы Әбілфазл Хатиби Мианеи қатысуы тиіс еді. Ол бұған дейін 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Паралимпиада ойындарында өнер көрсеткен. Биылғы жарыста ол 10 наурызда классикалық стильдегі спринтке және 11 наурызда 10 шақырымдық классикалық жарысқа қатысуды жоспарлаған.
Алайда 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін өңірдегі әуе кеңістігі жабылып, қауіпсіз ұшу бағыттары болмаған. Осыған байланысты спортшыны жарыс өтетін жерге жеткізу мүмкін болмаған.
Халықаралық паралимпиадалық комитеттің президенті Эндрю Парсонс бұл жағдайға өкініш білдіріп, ирандық спортшының үшінші қысқы Паралимпиадасына қатыса алмай қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Иранның Ұлттық паралимпиадалық комитетімен байланыс орнату да қиын болған, ал кейін ирандық тарап спортшының қауіпсіз сапарын қамтамасыз ету мүмкін емес екенін хабарлаған.
Осының нәтижесінде Иран туы 6 наурызда Верона қаласында өтетін ашылу салтанатындағы спортшылар шеруінде көтерілмейді. Қатысушы елдердің саны 55-ке, ал спортшылар саны 611 адамға дейін қысқарды.
2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында өтеді. Жарысқа алты ресейлік спортшы қатысады және олар 2014 жылдан бері алғаш рет өз елінің туы мен әнұраны астында өнер көрсетеді.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған