Бұл күндері Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында өтіп жатқан III Түркі универсиадасында еліміздің үш бірдей өкілі жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Баишев университетінің студенті Гүлнұр Баханова Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медальді салды. Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенті Іңкәр Тулепбергенова күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Нұршат Кемелханқызы қола жүлдені жеңіп алды.
«Жалпы есепте Қазақстан студенттері 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі. Бұл жетістік – жас спортшыларымыздың еңбегі мен жігерінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар еліміздегі студенттік спорттың қарқынды дамуының айқын дәлелі», - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.
3-9 қыркүйек күндері өтетін III Түркі универсиадасына Қазақстан атынан 15 жоғары оқу орнынан 66 спортшы 7 спорт түрінен қатысып жатыр.
Айта кету керек, II Түркі универсиадасы да осы 7 спорт түрі бойынша 2023 жылғы 5-10 қараша аралығында Түркістан қаласында өткізілген. II Түркі универсиадасына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше 5 елден 445 делегат қатысты.